10 ақп, 2021 сағат 10:25

Әлеуметтік мәселелерде мемлекет – қоғам – бизнес арасындағы әріптестікке зор сенім жүктеліп отыр – министр

Қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет – қоғам – бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған. Бұл – игілігі зор, қайырымы мол ізгі шара. Оған азаматтық сектор мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен барша белсенді азаматтардың қатысуы өте маңызды», - деді министр «Қайырымды істер» марафонының басталуына арналған іс-шарада. 

Осы орайда ол қайырымдылық пен донорлық қызметтің одан ары дамыту бағытында нақты ұсыныстар керектігін атап өтті.

«Себебі қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет – қоғам – бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Соның ішінде, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдарға баса мән берудеміз. Бұл орайда, біз бұл ізгі жобаға ниет білдірген барлық азаматтар үшін – арнайы әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдау арқылы – бұл үрдісті одан ары ынталандыруды қарастырып отырмыз. 

Сондықтан бүгінгі шарада, сіздердің тараптарыңыздан ұтымды ой-пікірлер, қайырымдылық пен донорлық қызметті одан ары дамыту бағытында нақты ұсыныстар мен жобалар күтеміз», - деді А. Балаева. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер» марафоны басталды.

Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.