«Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында экономиканың секторларында құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу ұйымдастырылып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі», - деді А. Мамин.
Оның айтуынша, өндірушілерге жеңілдікпен кредит пен субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.