11 нау, 2021 сағат 10:55

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 2,6 пайызға қымбаттады - Сұлтанов

Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6 пайызға өсті. Жылдық мәнде олар 13,2 пайызға қымбаттады. 3,3 пайызды ең жоғарғы өсім Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында тіркелді. Олардан кейін тағы 8 өңірде еліміздегі тіркелген орташа деңгейден жоғары, яғни 2,7-ден 2,9 пайызға дейін бағаның өсіміне жол берілді. Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағасы өсім көрсетті», - деді ол. 

Министрдің дерегінше, жұмыртқа - өндірудің 8,4 пайызға қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25 пайызға қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмауы таралуы салдарынан қымбаттады. Ал, күнбағыс майы мен қанттың бағасының өсіміне әлемдегі бағалардың өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарын қысқаруы және экспорт өнімнің қымбаттауы себеп болды. 

«Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет», - деді Бақыт Сұлтанов.