18 ақп, 2019 сағат 14:57

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту керек

Шынын айту керек, біздің елде әлеуметтік қызмет көрсетудің әлегі көп. Мәселенің мәніне терең бойласақ, мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы атқарылып жатқан жұмыстардың әлі толық жүйеге түспеуі негізге фактор болады. Әлеуметтік жұмыс - кәсіби әлеуметтік жұмыстың институционалдық формасы. Әрине, әлеуметтік қызметтер күн санап болмаса да, жыл сайын кеңінен дамып келеді. Жедел әрі сапалы қызмет жолына біртіндеп қадам басып келеді.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер 2009 жылы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануымен бастау алды.

Мемлекеттік қызметтің бір сыналар тұсы әлеуметтік қызметтің айналасында болады десек қателеспеспіз. Себебі, әлеуметтік қызметті жиі тұтынатын халықтың көңіліне тиер жағдайдың орын алмауы әсте маңызды. Егер қарапайым халық қалаған қызметін лайықты деңгейде ала алмаса, өзге дүние туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісін тілге тиек еткені де содан.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жақсарту бойынша әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу қолға алынбақ. Бұл жоба биылғы жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Порталда көпшіліктің жеке қажеттілігіне байланысты қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі қарастырылады.

Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері секілді әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге жауапты органдар өзара байланысын жақсарту арқылы әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграцияланған моделін іске қосуға мүдделі. Аталмыш бастама қызметтерді «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік сыйлайды.

Осылайша, әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурс орталығы әлеуметтік саладағы қызметкерлердің әлеуметін арттырып, аталған қызмет иелерін кәсіби түрде әдістемелік қолдау көрсету, сондай-ақ жаңа жетістіктерді модельдеп, аймақтардағы жаңа қызметтердің пилоттық жобасын іске асыру секілді міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. 

Әрине, бұл жобалар кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қажет етеді. Интернет жүйесі дамыған заманда ақпараттың халыққа қол жетімді болуы заңды әрі әділетті. Әлеуметтік қызмет түрлерін цифрландыру арқылы телефон немесе компютермен тиімді пайдалуы жұмыстары жүріп жатыр. Егер көзделген мақсат орындалып, өз жемісін берсе, қажетті қызметін ала алмай әуре-сарсаңға түскен көпшілік қуанышқа кенелері сөзсіз. Техниканың тиімділігін игеріп, әлемдік жетістіктерді өз қызметімізге пайдалану еліміз үшін де елеулі үлес болары анық.