04 қаз, 2018 сағат 12:31

Әлемнің ең үздік иллюзионистері Қазақстанда өнер көрсетпек

Әлемнің ең үздік иллюзионистері Қазақстанда тұңғыш рет таңғажайып сиқырларға толы шоу ұсынады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Bnews.kz порталына сілтеме жасап. Астанада өткен баспасөз жиынында әртістер бұл кештен не күтуге болатынын айтып, өзге де қызықты жәйттармен бөлісті.

Бүгінгі күнге дейін 200 шақты қаланы айналып өтіп, 25 мемлекетте өнер көрсеткен "Иллюзионистер" шоуы енді қазақ көрменін таң қалдырмақ.

Ауқымды шара 6-7 қазанда Астанадағы EXPO Конгресс-орталығында өтіп, ал 10-11 күндері Алматыдағы Республика Сарайында жалғаспақ.

Продюсер Симон Пейнтердің айтуынша, шоудың жаңа нұсқасында 7 иллюзонист өнер көрсетеді. Олар: фальсификатор Харрисон Гринбаум, шоумэн Марк Калин, сиқыршы Джинжер Лайт, ұмытылмас Энзо, "шебер қашқын" Крэндл, манипулятор Себастьян Николас және қару шебері Робин Шарп.

Әртістер тобының ерекшелігі – олардың әр елдің өкілі, сонымен қатар таңғажайып магия иесі болуында. Мысалы, қару шебері Робин Шарп арбалетпен әртүрлі қимыл-әрекет істей алады. Дегенмен, бұл, шоудың ең қауіпті трюгі.

Сиқыршы Джинжер сіз ойлағаннан да "үлкен сиқырларға" жауап береді.

«Мен отпен жұмыс істеймін. Левитация да – менің әдісім. Одан бөлек шарларды сахна һәм зал ішінде ұшыра аламын. Өзім де сахна ішімен ұшып, көрерменмен байланыс орнатқанды жақсы көремін», - дейді әртіс.

"Шебер қашқын" Кэндл кісеннен үш минут ішінде қалай босап шығуға болатынын көрсетсе,  манипулятор Себастьян "қол магиясымен" таң қалдырады. .

"Менің магиямның күші – қолда. Мен заттарды жоқ қылып, қайта шығара аламын. Сонымен қатар оларды түрлендіремін", - дейді Себастьян.

Ерлі-зайыпты Марк Калин мен Джинжер Лайт болса, ең әйгілі трюктердің бірі "әйелді арамен бөлшектеуді" көрсетпек.

"Кейде трюк жоспар бойынша жалғаспай қалатын кездер болады. Сондай бір күндердің бірінде мен аздап үлгере алмай жанығып, саусағымды кесіп алдым. Одан белгі де қалды. Бірақ бұл оқиғадан соң біз қателігімізді түсініп, онымен жұмыс жасадық. Тәжірибемізді шыңдай түстік", - деді Джинжер Лайт өз сөзінде.

Жалпы алғанда, иллюзионистер Қазақстан халқы үшін бұрын-соңды болмаған шоу дайындап келген. Олар әзірге бүтін құпияны ашпауға келіскен.

"Асылында, мен сахнада өте көп сөйлеймін. Өйткені комикпін. Кейде аудармамен қиындықтар, түсініспеушіліктер туындайды. Сол себепті мен көбіне визуалды амал-әдістерге күш саламын. Сөйтіп тілдік шекараны бұзуға тырысамын. Қазақстан үшін арнайы "қазақстандық бейнежазба" дайындадық", - дейді фальсификатор Харрисон Гринбаум.

Баспасөз жиынының соңында әртістер өз көрерменін зеріктіріп алмайтынына уәде берді. Олардың айтуынша, теледидардағыны сахнадағы шынайы көріністермен салыстыруға болмайды.

"Біздің шоу – визуалды. Көрерменмен көп пікірлесетінімізге қарамастан, біз уақытта жақсы өткізуге тырысамыз. Шоуды өз көзіңмен көргенге не жетсін! Теледидар мен кинода көргендеріңді жақыннан бақылап, тамсанатын боласыңдар!", - деп түйіндеді сиқыршы Джинжер Лайт.

Иллюзионистер Қазақстанға келіп, өнер көрсету өздері үшін үлкен абырой екенін айтып, сахнаға көтерілетін күндерін асыға күтетіндерін жеткізді.