13 мау, 2024 сағат 17:46

Әлемдегі ең сұлу бірінші ханымдар кімдер?


Күні кеше, елімізге президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Оңтүстік Корея басшысы Юн Сок Ёль өзінің жұбайы Ким Кон Химен іссапарға келген еді. Қазақстан жұртшылығының назары президенттің өзінен бөлек, Корей ханымына түсті. "Корей дорамаларының кейіпкеріндей сұлу" деп таңдай қаққан жұрт Ким Кон Хидің өте жас көрінетініне және жарасымды киінетініне назар аударды. Ким Кон Хи ханымның салтанатты шараға киіп келген сұр түсті жакеті мен белдемшесі, биік өкшелі, қара түсті туфли "өзіне құйып қойғандай" десті.

Жалпы мемлекеттің бірінші ханымы болудың ресми түрде лауазымы болмаса да, қоғам ішінде олардың жүріс-тұрысы маңызға ие. Тіпті кей жағдайда маңызды шешімдер де бірінші ханымның тартымдылығына байланысты шешілетін жағдайлар болады. Мысалы 2012 жылы америкалық Гэллап институты Барак Обаманың президенттік сайлауында Мишель Обаманы сайлаушылардың 66%, ал оның күйеуі Барак мырзаны 52% қолдағанын анықтады. 

"Бірінші ханым" атауы қайдан шықты?

"Бірінші ханым" түсінігі ең алғаш АҚШ-та пайда болған. 1789 жылы Джордж Вашингтон АҚШ-тың бірінші президенті болып сайланған кезде оның әйелі Марта Ақ үйдің "алғашқы қожайыны" болды деуге болады. Ол кезде "бірінші ханым" деген ұғым болған жоқ, сондықтан оны жұрт "леди Вашингтон" деп атады. "Леди Вашингтон" ақ үйде түрлі кездесулер мен жиын-шаралар өткізіп, белсенді болды. Оның қатысуымен бейресми шараларда түрлі маңызды саяси келісімдер жасалып, шешімдер қабылданып жатты.

Ал "бірінші ханым" сөзін ең алғаш дәл осы АҚШ-та 1849 жылы 12-ші президент Закари Тейлор қолданған. Ол 4-ші президент Джеймс Мэдисонның әйелі Долли Мэдисонды мемлекеттік жерлеу рәсіміндегі мақтау сөзінде осылай атаған болатын. Содан кейін "бірінші ханым" атауы кең тарап, тек АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы түрлі елдердің президенттері әйелдеріне назар аударып, осылай атай бастады.

Енді дәл қазіргі уақытта қай елдің бірінші ханымы сымбаты мен ақылымен жұртшылықты тамсандыра алып отыр? Осыған тоқталайық.

Ким Кон Хи

Айтып өткеніміздей, Оңтүстік Корея Республикасының бірінші ханымы Ким Кон Хи өзінің 52 жасында өте жас, әрі тартымды көрінеді. Ким Кон Хиге қатысты түрлі дау-дамай да көп. Оның сұлулығына тәнті жанкүйерлерімен бірге жақтырмайтындар да баршылық. Бірақ Оңтүстік Кореяның бірінші ханымының сұлулығы көптің ішінен расымен де менмұндалап тұрады.

Ким Кеон Хи G20 саммитінде басқа елдердің бірінші ханымдарымен бірге

Рания Әл-Абдулла

Осы ретте Иордания Королі Абдалла II-нің жұбайы Рания Әл-Абдулланың сұлулығы туралы айтпай кетуге болмас. Ол аңызға айналған Джорджио Арманидің музасы. Рания ханым Иорданиядағы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау қорының басшысы.