26 қаз, 2022 сағат 17:32

Әлемдегі бидай бағасының қымбаттау себептері айтылды


Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов әлемде бидайдың қымбаттау себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Азық-түліктің әлемдік бағасы арзандауда. ФАО индексі қыркүйекте 1,1%-ға төмендеді. Оған себеп болған өсімдік майлары бағасының төмендеуі. Бірақ астық бағасы қымбаттап жатыр. Бидай бағасының көтерілуі Украинаның Қара теңіз порттарынан астықты жіберу мүмкіндігіне және Аргентина мен АҚШ-тағы ауа райы жағдайына қатысты қауіп-қатерге байланысты.

Әлемдегі инфляция әлі де жоғары деңгейде. Бағаның екі мәнді өсу қарқыны дамушы экономикаларда ғана емес, бірқатар дамыған экономикаларда да байқалады. Осындай жағдайларда резервтік валюталарды эмиссиялайтын жетекші орталық банктер монетарлық талаптарды қатаңдатуды жалғастыруда. Біз үшін бұл теңгенің айырбастау бағамына қысымның күшею тәуекелінің өсуін білдіреді. Базалық мөлшерлемені арттыру арқылы теңгедегі активтердің тартымдылығын қамтамасыз ету шаралары талап етіледі», - деді Ғалымжан Пірматов.

Сондай-ақ ол мұнай бағасын төмендетуі мүмкін факторларға тоқталды.

«Әлемдік мұнай нарығында бағаға әсер ететін түрлі бағыттағы факторлардың болуы байқалады. Бағаның төмендеуіне сұраныс бойынша болжамдардың нашарлауы, АҚШ-тағы қорлардың өсуі әсер етуде. Ресей және Таяу Шығыстың кейбір елдерінен тауар жеткізудегі проблемалар, сондай-ақ ОПЕК+ елдеріндегі мұнай өндірудің жалпы квотасының төмендеуі бағаның өсуін қолдайды. АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының болжамы бойынша, ағымдағы жылғы 4-тоқсанда Brent бағасы барреліне орташа есеппен 93 АҚШ долларын және 2023 жылы барреліне 95 АҚШ долларын құрайды», - деді Ұлттық банк басшысы.