Елордасы Астана қаласында өтіп жатқан «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-25 маусым аралығында өнер көрсетеді.
Ел тарихында қалатын айтулы шара – «Экспо -2017» көрмесі аясында көптеген мәдени шаралар бастау алып, өз жалғасын табуда. Солардың бірі –КСРО және Қазақстанның халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналған I Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі. Бұл фестивальде Қазақстандық театрлармен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген ұжымдар да өнер көрсетуде. Өз кезегінде Әуезов театры репертуардан берік орын алған «Бейбарыс Сұлтан» қойылымын әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың назарына ұсынды. Кемеңгер билеуші, тағдыры күрделі тұлға Сұлтан Бейбарыстың өмірінен сыр шертетін қойылымның авторы – Рақымжан Отарбаев болса, режиссері – Юрий Ханинго-Бекназар. Адам бойындағы туған елге, жерге деген патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын қойылымда А.Сатыбалды, Е.Дайыров, Б.Тұрыс, А.Шаяхметов сынды театрдың белді актерлері өнер көрсетті. Әлем жұртшылығының назарына ұсынылған туынды арқылы театр артистері өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықтың ыстық-ықыласы мен зор құрмет-қошеметіне бөленді. Мұның дәлелі ретінде лық толған көрермен залын атап өтуге болады. Режиссерлік шешім, актерлік ойын, музыка мен сценографиялық бедерлеу бір-бірімен үйлесім тапқан қойылым әрбір көрерменнің жүрегінен орын тапқаны сөзсіз.
Әлемнің әр бөлігінен келген театр ұжымдарымен терезелерін тең ұстап, жоғары деңгейде өнер көрсеткен Әуезов театры, ұлттық жауһарларымызға айналған «Абай», «Қыз Жібек», «Махаббат дастаны» сынды шығармаларды алдағы күндері де көрермен назарына ұсынатын болады.