21 мау, 2017 сағат 07:44

Әлем назары – Абайда

Астана қаласында өтіп жатқан «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-25 маусым аралығында өнер көрсетеді.

Ел тарихында қалатын айтулы шара – «Экспо -2017» көрмесі аясында көптеген мәдени шаралар бастау алып, өз жалғасын табуда. Әлем көз тіккен бұл айтулы күндерде М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры да белсенді атсалысып, репертуарынан берік орын алған қойылымдарды әлем жұртшылығының назарына ұсынуда. Театр ұжымы бүгінге дейін Астана Балет театрында «Бейбарыс Сұлтан», «Үміт үзгім келмейді» шығармаларын сахналап, жиналған қауымның  ыстық ықыласына бөленсе, алдағы күндері Жастар театрының сахнасынан көрініп,  көрерменін қуантпақ. 

Бүгін театр ұжымы ұлттық классика құндылығына жататын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналайды. Режиссер Есмұхан Обаев қойылымның музыкамен көркемделуіне баса назар аударған. Спектакльде ұлы ақын шығармашлығының композиторлық қырының ашыла түсуіне КСРО халық артисі, профессор Ғазиза Жұбанованың да қосқан үлесі зор. Режиссер екеуі бірлесе отырып тандемде жұмыс жасағаны, қойылым барысындағы музыкалық көркемдеуден бірден сезіледі. Суреткер жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысын жан-жақты қырынан танытуға тырысқан. Шығармашылығы өз алдына, ел ортасындағы, халық арасындағы абырой - беделі, әр шәкіртіне ұстаз бола білген адамгершілік қасиеті мен өз басындағы қайғы-қасіреті (балаларының өлімі) қойылым барысында жүйелі  өрбіп отырады. Шымылдық ашылғаннан-ақ Айдар мен Ажардың дауынан басталатын оқиға, Абайдың сахнаға шығуымен жалғасын табады. Ақ пен қараның аражігін ажыратушы тұлғаныңжақсыны тани білген көрегендігі осы тұста аңғарылады. Қоюшы-режиссер хакім Абайдың  айналасында болып атқан жағдаяттар арқылы, надандықпен күрескен бас кейіпкердің бейнесін күрескерлік рухқа бағыттаған.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесін әлем жұртшылығына таныстырса, Әуезов театры Абайды сахнадан сөйлетіп, ұлы тұлғаның өмірі мен өнегесін әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың алдында паш етпек.