15 шіл, 2020 сағат 06:25

Әлем елдері карантинді қайта күшейтіп жатыр

Коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының көбеюіне байланысты бірқатар елдер карантиндік шараларды қатайтты. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) көптеген елдерде жағдай нашарлап бара жатқанын мәлімдеген болатын, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Американың Калифорния штатында барлық мейрамхана, көңіл көтеру орындары, хайуанаттар бағы мен мұражайлар жабылды.

Үндістанның Бангалор қаласында бір апталық карантин енгізілді.

Иран астанасы Тегеранда да карантин жеті күнге ұзартылды. Университеттер, мектептер, кітапханалар, сұлулық салондары, мешіттер, кинотеатрлар, театрлар мен мұражайлар жабылды. Барлық мәдени-көңіл көтеру және діни шаралар уақытша тоқтатылды.

Гонконгта тұрғындарға әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы шешім ұйғарылды. Ашылғанына бір ай болған «Диснейленд» тағы да жабылды.

Морокконың Танжер қаласында карантин енгізілді.

Оңтүстік Африка Республикасында коменданттық сағат жүріп жатыр.

Колумбия астанасы Боготаның кейбір аудандарында екі апталық карантин енгізілген.

Аустралияның 5 млн жуық тұрғыны бар Мельбурн қаласы алты апталық карантинде. Қала орналасқан Виктория штаты көршілес Жаңа Оңтүстік Уэльс және Оңтүстік Австралия штаттарымен шекараларын жапты.

Израиль мен Батыс жағалауда шектеу енгізілген.

Өзбекстанда карантин 10 шілдеден бастап енгізілген. Ол 1 тамызға дейін жалғасады. Англияда 24 шілдеден бастап дүкенге келушілер маска тағуға міндеттеледі, деп мәлімдеді Британияның денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок.

Ережені бұзғандар үшін 100 фунт (125 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Бұған дейін ғалымдар әрекетсіздік жағдайында коронавирустың екінші толқыны тағы 120 мың британдық азаматтың өмірін қиып әкетуі мүмкін деп ескерткен еді. Британияда Covid-19 вирусынан 45 мыңға жуық адам қайтыс болды. Бұл – Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш. Індет жұқтыру оқиғаларының саны жағынан екінші орында Бразилия тұр. Аптаның соңына қарай онда пандемия басталғаннан бері ауру жұқтырғандар саны 2 миллион адамнан асуы ықтимал.