07 қыр, 2019 сағат 12:33

Әлем чемпионының әулеті «Мерейлі отбасы» атанды

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытынды концерті өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні ретінде тойланады. Осы айтулы датаға орай, елордада «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Елдегі 14 облыс пен 3 республикалық маңыздағы қаланың намысын қорғап келген үздік отбасылар астана төрінде қошеметке ие болды. 

Марапаттау рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев  жеңімпаз жанұяларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Халқымыздың ұлттық және отбасылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасымен мерекелер күнтізбесіне Отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шаралар сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-әдет ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруына, отбасы институтының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша мән беріп, өнегелі  әулеттердің өрісін нығайтуға ықпал етеді. Бұл конкурсқа қатысушылардың барлығын жеңімпаздар деп айтуға болады. Өйткені, осы конкурсқа қатысқан әрбір отбасы мерейлі», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Жылдағыдай бұл жолы да еліміздің ең «Мерейлі отбасын» анықтауға барша қазақстандықтар атсалысқан болатын. SMS-пен және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде атыраулық Тілекқабыловтар әулетіне «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағы берілді. Жеңімпаз жанұяға отандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығарған шағын автобустың кілті табысталды.

Әулеттің тірегі болған еңбек ардагері, білім саласының құрметті қызметкері, Ағарту ісінің үздігі, Индер ауданының құрметті азматы Төлеш Тілекқабылұлы қазір өмірде жоқ. Әулет анасы Аймедет Қабдешқызының жасы 82-де. Кітапханашы болып жұмыс істеген әжей «Алтын алқа», «Еңбек ері» медальдерінің иегері. Қазір ол 8 баладан 28 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. Немерелерінің бесеуі мектепті «Алтын белгімен» аяқтаса, үш немересі «Қызыл диплом» иегері атанған. Абылай Төлеш атты немересі - панкратионнан әлем чемпионы, жауынгерлік самбодан әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері. 

Еске салсақ, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл 3204 отбасы қатысқан болатын. Алты жылда аталмыш конкурста 15 197 отбасы бақ сынапты. Оның 62 пайызы - ауыл жанұялары, 3 пайызы - көпбалалы отбасы, 18 пайызы - жас ошақтар, 17 пайызын еңбек династиялары құраған.