27 нау, 2021 сағат 11:57

Алексей Цой сәуір айында КВИ-ге қарсы қанша вакцина жеткізілетінін айтты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларын сәуір айында коронавирусқа қарсы бөлінетін вакцинаның ауқымды көлемін қабылдауға дайын болуға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір Қазақстан бойынша 150 мың доза жеткізіліп жатыр, 600 мың доза өндіріліп шығарылды, яғни 750 мың доза Қарағанды зауытында бар деп айтуға болады. Енді оның барлығын өңірлерге жеткізу керек. Менің ойымша, апта ішінде бұл көлем іске асырылады. Бұдан бөлек, алдағы айға 1 млн дозаны Қарағанды фармацевтика зауыты елге арнап шығарады, оған қоса 2 млн доза бар. Атап айтқанда, сәуір айында 3 млн доза елімізде болады», - деді А. Цой Алматыда өткен КВИ-мен күрес мәселелеріне арналған жиында. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Pfizer компаниясымен де тиісті келіссөздер жүріп жатыр. 

«Бір аптадан кейін бұл көлем жеткізіледі. Осыдан кейін вакцина аз жеткізілді деп айту қисынсыз болады. Бастапқы кезеңде халық сену үшін вакцина тиісті көлемде жеткізілді. Қазіргі кезде халықтың вакцинаға деген сенімі пайда болды, енді адамдар вакцина қойдыруды сұрап отыр. Екпенің қауіпсіз екені, тексерілгені көрінді», - деді министр. 

«1 сәуірден вакциналау бойынша есептеуішті іске қосуды бастаймыз. Осы орайда қанша вакцина келіп түскені, қанша екпе салынғаны туралы күн сайын есеп жүргізілуі тиіс. Сіздерде тиісті жұмыстарды атқару үшін бір апта уақыт бар, барынша дайын болу керек», - деді А. Цой. 

Еске сала кетейік, 26 наурызда Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Цойдың қатысуымен өткен алқалы жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың жүйелі мәселелері қаралды.