Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып тұмауға қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Мен тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын салуға тырысамын. Бір рет дәл осы вакцинация кезінде респераторлық ауруға шалдығып қалдым. Негізі, жыл сайын осы №6 емханада екпе алып отырамын. Өзімді ойдағыдай сезінемін. Ауырсақ та, ауру жеңіл өтеді. Оған қоса, барлық медицина қызметкері вакцина алуға міндетті.
Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен ауырған 431 120 адам тіркелді. Оның ішінде 2.5 мыңнан астам науқас зертханалық анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. Биыл халықты вакцинациялау аса қажет. Өйткені коронавирус індеті кезінде тұмау да өршуі мүмкін. Сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан биыл елімізде вакцинаны жылдағыдан екі апта бұрын бастадық. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым", - деді Цой журналистерге берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, биыл коронавирусқа байланысты тұмауға қарсы вакцинация екі апта бұрын басталып отыр. Мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және 60 жастан асқандар екпені тегін алады. Қалған адамдар үшін вакцина ақылы болады. Оның бағасы - 2 500-4 000 теңге.
"Балаға алты айдан бастап вакцина салына береді. Бұл екпе қауіпсіз. Біз оның сапасы мен қауіпсіздігін тексеріп шықтық. Халықаралық ұйымдардың нұсқаулары да бар. Оған қоса, бұл вакцинаны бірінші рет қолданып жатқан жоқпыз. Бұған дейін де салынды", - деп атап көрсетті Цой.
Айта кетейік, биыл елімізде егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді. Бірыңғай дестрибьютер халықтың 10 пайыздан астамын тегін вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 2 миллионнан астам дозасын сатып алған.