Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаны ектіруге дайын. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «коронавирусқа қарсы дайындалып жатқан Қазақстандағы вакцинаның клиникалық сынағына Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері қатысып жатыр ма? Вакциналау кезінде министр Алексей Цой өзіне екпе салдыра ма?» деген сауалдар қойылды.
Өз кезегінде Б. Қожахметов осы мәселені министрмен талқылағанын атап өтті.
«Вакцинаның дайын болуы үшін тиісті мерзімді күту керек, жарты жылдан кем емес. Вакцина барлық халықаралық сертификаттаудан өткеннен кейін, министр екпені қабылдауға дайын екенін айтты. Ол денсаулық сақтау жүйесінің қызметкері болғандықтан, екпені ақысыз түрде алады. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері 200 мыңнан астам, олар тәуекел тобына еніп отыр», - деді ресми өкіл.
«Ал оның (министрдің) отбасына және кез келген медицина қызметкерінің отбасы мүшелері вакцинаны өзінің қаржысына сатып алады», - деді ол.