22 қаң, 2018 сағат 09:17

Алексей Полторанин әлем кубогында шаңғы жарысынан рекорд орнатты

Қазақстан құрамасының спортшысы Алексей Полторанин әлем кубогында шаңғы жарысынан рекорд орнатты, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Словенияның Планица қаласында өтіп жатқан әлем кубогының 15 шақырымдық классикалық жеке жарысында рекорд орнатылды. Полтаранин осы қашықтықты 36 минут 54,7 секундта жүріп өтті. Екінші болып 13, 2 секундтан соң норвегиялық Йоханнес Хесфлот Клебо келді. Үштікке Калле Хальварссон (+42,8) ілінді. 

Осылайша Полтаранин 15 шақырымдық классикалық стильде жеке жарыста подиумға көтерілу саны бойынша рекорд орнатты. Жалпы қазақстандық карьерасында 14 рет подиумға көтерілген - бұл швейцариялық Дарио Колона және норвегиялық Пол Гуннар Миккельспластың көрсеткішінен бір сан артық. 

Сондай-ақ, Полтаранин спорттық мансабында "классикалық 15 шақырымды" жетінші рет жеңіп отыр. Ол әйгілі швециялық шаңғышы Гунде Свананың көрсеткішіне жетті. 

Осы жеңісінінің арқасында қазақстандық шаңғышы Әлем кубогының жалпы кестесінде сегізінші орыннан алтыншыға көтерілді (656 ұпай). Мұнда көшбасшы - Клебо (1 012 ұпай). Екінші орында Мартин Сундбю (875), ал үштікте - Колонья (807).

Келесі кезең 27-28 қаңтарда австриялық Зеефельд қаласында өтеді.