Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни қызметінен кетпейді. Ол 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына құраманы дайындамақ. Бұл туралы атақты жаттықтырушы"Хабар" арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Токиодағы Ойындарға неліктен барғым келеді? Себебі Лондон Олимпиадасында алған жүлделерімізді қайтарып алмақшы болып жатыр. Мен сол медальдардың есесін Токиода қайтарғым келеді. Бізде Ильин бар, Чиншанло бар, Рахимов бар - үшеуі, олардан басқа өнер көрсетіп жүрген қай-қайсысы да баруға лайықты", - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Алексей Ни осымен алтыншы Олимпиадаға спортшылар апарып отыр. Риодағы Ойындардан кейін ол бапкерлік қызметті тоқтатпақ болған, алайда ол райынан қайтыпты. Қазір оның шәкірттері демалып жатыр, ал қыркүйек айында спортшылардың қайта қалпына келуі үшін Сочи қаласында жиналу жоспарланған. Ауыратлеттер жаттығу жұмыстарын қаңтарда бастайды. Алексей Ни қазірдің өзінде болашақ құрамаға кімді қосатынын ойланып жатыр.