30 қаң, 2019 сағат 17:42

Алексей Калайчиди ҚР ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды

Мемлекет басшысының Өкімімен Алексей Дмитриевич Калайчиди ҚР ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, ол ҚР Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Байболұлы Бисенқұлов басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.

Алексей Калайчиди 1963 жылы 3 қаңтарда туған, ұлты - грек.

1985 жылы - Фрунзе политехникалық институтын, 1990 жылы - КСРО ІІМ Жоғарғы курстарын, 2008 жылы - Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы шілде айында Қырғыз КСР Тоқмақ қ. №93 арнайы басқармада шебер ретінде бастаған, содан кейін Шымкент қ. «Южгорсельпроект» мемлекеттік жобалық институтында инженер болып жұмыс істеген.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент облысы Абай аудандық ІІБ қылмыстық іздестіру жедел уәкілінен бастаған. Әкімшілік полиция жүйесінде лауазымдық баспалдақтың барлық жолдарынан өткен: инспектор, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД және ІІМ орталық аппаратында басқарма бастығы.

2005-2006 жылдары ІІМ заң қызметіне, сондай-ақ жеке құрам бойынша инспекцияға басшылық жасаған.

2006 жылдың қараша айынан 2008 жылдың наурыз айы аралығында Жамбыл облысы ІІД бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған.

2008 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді: инспектор, сектор меңгерушісі, Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

Соңғы тағайындалуға шейін 2016 жылдың маусым айынан бастап Мемлекет басшысының өкімімен Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

«Құрмет» (2012 жыл) орденімен және 5 мерекелік медальмен марапатталған.

Үйленген, екі баласы және немересі бар.