Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучич Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Сербия Республикасы» орденін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресми кездесу барысында мәртебелі мейман Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы қабылдағаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Сербия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы зор үлесін атап өтті.
«Шақырғаныңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Екіжақты қарым-қатынасымызды дамыту үшін өте жақсы перспектива бар», - деп атап өтті Сербия Президенті.
Сонымен қатар Александр Вучич Нұрсұлтан Назарбаевқа көптеген мәселелерде жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғысын жеткізді. Екі елдің арасындағы экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың кеңейе түсетіндігіне үмітті екендігін айтты.
«Сіз Сербия Республикасының аумақтық тұтастығын, егемендігін қолдап келесіз», - деді мәртебелі мейман.
Сөз соңында Александр Вучич Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Сербия Республикасы» орденін табыс етті. Бұл орден Сербияның шетелдік достарына беретін ең жоғары наградасы саналады.
«Бұл награданы Владимир Владимирович (Путин) мен Си Цзиньпинь ғана алған», - деді Сербия Президенті.
Айт кетейік, Сербия басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Бүгін мәртебелі мейман Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президентін «Достық» орденімен марапаттады. Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.
Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ, Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және сопрт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.
Жалпы ағымдағы жылдың 6 айында Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 16,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі кезде Қазақстанда 20-дан астам сербиялық компания тіркелген. Олардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен, сондай-ақ, тұрғын-үй мен коммерциялық нысандардың құрылысымен айналысады.