27 там, 2019 сағат 17:12

Александр Лукашенко қазанда Қазақстанға сапармен келмек

26 тамызда Минскіде Қазақстанның Елшісі Ермұхамет Ертісбаев Беларусиядағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Макеймен кездесті, деп хабарлайды Сыртқы саясат ведомоствосының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Беларусь Сыртқы істер министрі Қазақстан-беларусь қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесі және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Елшіге алғысын білдірді.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы қарашада Беларусь Республикасына жасаған ресми сапары сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстардың кеңеюіне ықпал еткенін, екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауда шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

Сонымен бірге В.Макей Е.Ертісбаевтың екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуға және Беларусьте Қазақстанның мәдениет күндерін өткізуге қосқан қомақты үлесін атап өтті.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат Беларусь тарапына екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда Елшіліктің күш-жігеріне тұрақты қолдау мен көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді және тараптар арасында әрдайым жақсы ниет пен өзара тиімді мүдделерге негізделген конструктивті  жұмыс қарқыны сақталатынына сендірді.

Ол осы жылдың соңғы айларындағы өзара сауданың оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтіп, Беларусь тарапымен сындарлы өзара іс-қимыл жасау арқылы Қазақстанның сауда балансы оң бағытта өзгеретініне үміт білдірді.

Алдағы екіжақты іс-шаралардың күн тәртібіне, ең алдымен, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың 2019 жылдың қазан айында Қазақстанға жоспарланған сапарына ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда В.Макей Беларусь тарапы қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықта қарқынды дайындықтар жүргізіп жатқандығын атап өтті.

Ол Беларусь тарапының ұсынысы бойынша жаңа ғимаратта Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ашылу рәсімі қарастырылатындығын және мүдделі беларусь және қазақстандық компаниялардың қатысуымен бизнес-форум өткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.