Беларусь Қазақстаннан тасымалданатын мұнай бойынша келіссөз жүргізіп, осы бағыттағы байланысты жандандыруға ниетті.
Бұл туралы Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстанның Беларусьтағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаевпен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БЕЛТА-ға сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта біз көмірсутек шикізатын тасымалдаудың әртараптандырумен айналысып жатқанымызды білетін боларсыздар. Бізде бірнеше нұсқа бар. Беларусь басқа жерден де мұнай тасымалдау бағытында келіссөздер жүргізу үстінде. Биыл мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғырту жұмысын аяқтаймыз. Сол себепті, бізге әлемдік нарықтан мұнайды сатып алу жеңілдей түседі. Бұл бағыттағы келіссөздерді бастап кеттік те. Енді Беларусьқа қазақстандық мұнайды жеткізу бойынша келіссөз жанданса дейміз. Бұл мәселені шеше алатын секілдіміз. Ол Беларусь пен Қазақстанның ғана келіссөзімен шешілмесі анық. Ортада Ресей транзиті жатыр. Ресей - ЕЭЕО мүшесі. Бізге жақын елмен Қазақстан мұнайының белгілі бір бөлігін тасымалдау бағытында келісіп алатын секілдіміз», - деді Александр Лукашенко.
Беларусь басшысы Қазақстан пен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынаста ешқандай мәселе жоқтығын атап өтті.
«Беларусь бағытындағы саудада дисбаланстың бары құпия емес. Бірақ, Қазақстанда бізге керекті тауарлардың түр-түрін шығаратынын білуіңіз керек. Мақтадан бастап металлға дейінгі қажеттіліктердің бәрі керек. Біз КСРО кезіндегідей Сіздерден бидай сатып алуға дайынбыз. Сол себепті, сауда жағынан балансты реттеп алу аса қиынға соқпайды. Біздің Үкіметаралық комиссияға осы мәселемен айналысуды тапсыру керек деген ойдамын», - дейді ол.
Александр Лукашенконың айтуынша, екі мемлекет пен елдердің басшылары арасында қашан да ізгі қарым-қатынас сақталған.
«Біз Беларусь пен Қазақстан арасында айтарлықтай мықты қарым-қатынас жүйесін орнаттық. Тауар айналымы жағынан миллиардтық көрсеткішке қол жеткіздік. Әлеует баршылық», - дейді Александр Лукашенко.
Беларусь Президенті өз сөзінде екіжақты қарым-қатынастың бекемделе түсуіне «Бір белдеу - бір жол» қытайлық бағдарламасы ықпал ететінін тілге тиек етті.
Айта кетерлігі, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 900 млн долларға жеткен болатын. Бұл 2017 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 30 пайызға көп. Бұл ретте беларусьтық экспорттың мөлшері 783 млн долларға жеткен еді. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында екі елдің арасындағы сауда қарым-қатынасы 10 пайызға азайған болатын.
Беларусь өз кезегінде мұнай өнімдерін, тас көмірді, рельстер мен мақта, сарымсақ импорттап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 40-қа тарта Беларусь компаниясы жұмыс істеп тұр.