Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдында үлкен белес тұрғанын бала кезден-ақ сезгенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Президент Телерадиокешенінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланған шағын видеода Президент жастық шағы жайлы естеліктерімен бөліседі.
«Студенттік кездерден-ақ Президент «өз елің үшін еңбектенуің керек» деп, таңертең тұрып, өз-өзіне айта беретін. Таңертеңгілік ритуалы осы. Ал сіздің таңыңыз қалай басталады?» деген жазбамен бірге жарияланған видеода Мемлекет басшысы өмірлік мақсаты туралы сыр шертеді.
«Мен мінез-құлық тұрғысынан арманшыл адаммын. Бала кездің өзінде алдымда үлкен белес күтіп тұрғанын сезетінмін. Бұл сезім менің санамда әрдайым жүретін. Бұл түйсіктің қайдан пайда болғанын түсіндіре алмаймын. Политехникалық институтта оқып жүрген студент шағымда кейде таңертең айнаға қарап тұрып, «Сен өз елің үшін пайдалы іс тындыруға тиіссің» дейтін едім», - дейді Президент шағын видеода.