08 қаз, 2019 сағат 10:10

Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс - Тоқаев

Үлескерлерді алдаған алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өтіп жатқан елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі проблема – елордада тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемінің құлдырауы байқалады», - деген Мемлекет басшысы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтан осы мәселеге қатысты жауап беруін талап етті.

Вице-министрдің айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беруде бірнеше проблема бар. Мәселен, бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, дайын тұрғанымен қажетті инфрақұрылымға қосылмаған.

«Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді салып, пайдалануға беру - бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Бұл – аса өткір әлеуметтік проблема. Осы тұрғыда қарастыру қажет. Көптеген түсінік беруге болады. Бірақ жасаңдар!»,- деп ескертті Қазақстан Президенті.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы қала әкімі Алтай Көлгіновке тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемін арттыруды тапсырды.

«Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ, небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды», - деді Мемлекет басшысы.

Ал осы мәселеге қатысты түсініктеме берген қала басшысының айтуынша, әрбір проблемалы нысанға қатысты жол картасы әзірленген.

«Оларда жобалық-сметалық құжаттарының болмауы сияқты проблема болды. Көптеген алаяқтар тұрғындарды алдаған. Қазір олар түрмеде отыр және заңға сәйкес жауапкершіліктері бар. Олар құжаттарын жоғалтып алған немесе бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы құжаттарын әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз», - деді Алтай Көлгінов Қазақстан Президентіне қарата.

Осы орайда Мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне бұл мәселемен нақты айналысуды тапсырды.

«Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Өйткені, олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негіз құраушы құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалдырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.