«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на 4,6 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.
Комитетке қарасты Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, «Gorsvetgroup» ЖШС-ның өтініші бойынша «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеріс нәтижесі бойынша «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 26-бабы 2-тармағы 8 тармақшасы бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, «Алатау Жарық Компаниясы» үлгілік шарттарға сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі үшін тұтынушылармен жеке шарттар жасаспаған.
Осыған байланысты, ТМРБД-ның қаулысымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 164-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 4 млн 667 мың 200 теңгеге айыппұл салды.
Айта кетерлігі, департамент қаулысына қатысты Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша Мамандандырылған ауданаралық сотына шағым түскен, алайда департамент қаулысы күшінде қалды.