Мемлекеттік басқару саласының жетекші халықаралық сарапшылары, он бестен астам елдің мемлекеттік органдары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен университеттердің өкілдері Астана Мемлекеттік қызмет хабының "Марапат және құрмет: ХХІ ғасырда мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру" атты панельдік сессиясына жиналды. Сессия БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебімен қолдауымен Астана экономикалық форумы аясында өтті.
Панельдік сессияны Астана Мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму Бағдарламасы Әкімшісінің көмекшісі, Еуропа мен ТМД үшін Өңірлік бюро директоры Мирьяна Сполярич Эггер, Назарбаев Университеті президенті Шигео Катсу және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төраға орынбасары – Айгүл Шаимова ашты.
Алихан Байменов «адамзаттың ортақ өзекті мәселерін шешуде мемлекеттік басқару сапасының орны ерекше» екендігіне, ол «тек мемлекеттік қызметшілердің білімі және білігімен ғана емес, ынтасымен де анықталатындығына» тоқталды.
Спикердің айтуынша, «мемлекеттік қызметшілердің жеке бастың қамын емес, мемлекеттің, қоғамның ортақ мәселерерін шешуге бейім болуы, елге қызмет жасауға ниеті ел дамуында маңызды рөл атқарады. Осыны түсінген Алаш Орда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханов осыдан 100 жыл бұрын «ұлтқа қызмет – мінезден» деген».
Астана хабы жетекшісі өз сөзінде, мемлекеттік қызметкерге қажет 12 қасиетті ұлы бабамыз әрі ойшыл Әл Фараби 11 ғасыр бұрын анықтап бергенін, оның ішінде адалдық пен мемлекет ісіне берілгендік шешуші құндылық ретінде көрсетілгенін жеткізді. Осы кезеңде Орталық Азиядан шыққан философ Жүсіп Баласұғыни 15 лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер үшін маңызды кәсіби біліктілік ретінде абырой мен ынтаны ерекше атаған.
М. Сполярич Эггер: "Даму мақсаттарына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік қызметкерлер мотивациясы мәселелерін талқылауда мәдени, институционалдық және ұйымдастырушылық факторларды ескеруіміз керек" – деді.
Панельдік сессияның басты спикері ретінде америкалық зерттеуші, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру теориясы негізін қалаушылардың бірі, АҚШ-тың Индиана Блумингтон Университетінің профессоры Джеймс Л. Перри өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, ынталандыру жүйесін даярлау кезінде осы саладағы ғылыми зерттеулер нәтижесін ескерген жөн. Ондағы шешуші факторлар – институттар, мотивация және адами ресурстар үйлесімділігі.
Жиын барысында он бестен астам елдің, соның ішінде Грузия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Черногорияның уәкілетті органдар басшылары мен өкілдері мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін реформалау, тиімділігін бағалау бойынша тәжірибелерін бөлісті.
"Халыққа сапалы қызмет көрсетуге мемлекеттік қызметкерлер ынталы болған жағдайда ғана үкіметтердің тиімділігі артады", - деп есептейді Грузия Мемлекеттік қызмет бюросының директоры Екатерина Кардава.
Сондай-ақ, сессияда "Мемлекеттік сектордағы еңбекақы төлеу жүйесін салыстырмалы талдау" тақырыбында Хабтың зерттеуі таныстырылды. Онда жаңа сыйақы жүйесін әзірлеуге негіз бола алатын зерттеудің алғашқы нәтижелері ұсынылған.
Қазіргі уақытта Астана Мемлекеттік қызмет хабына 41 ел қатысушы, соның ішінде ЭЫДҰ, ТМД, Кавказ, Орталық Азия және АСЕАН елдері бар.