18 мам, 2021 сағат 22:28

«Ақжайық» қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді


Футболдан Қазақстан чемпионатының 12-турында Түркістанның «Тұраны» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Премьер-лигаға биыл қосылған қос команда осының алдында қатарынан үш жеңіске қол жеткізді. 

Бұл жолы ойын тағдыры екінші таймда шешілді. 71-минутта Еркін Тапаловтан пас алған украиналық шабуылшы Николай Ковталюк баспен соққан доп торда тулады. Арада төрт минут өткенде Н.Ковталюк пенальтиден есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы біріншіліктегі бесінші голы еді.

Осылайша қатарынан төрт матчта қарсыластарын ұтқан «Ақжайық» 21 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орнын сақтап қалды. 

Украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері келесі кездесуін 23 мамыр күні Оралда Ақтаудың «Каспийімен» өткізеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ел чемпионы «Қайратты» ұтқанын жазған болатынбыз.