Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне Ұлттық банктің 2017 жылы атқарған жұмысының қорытындысы жөніндегі есебі ұсынылды.
Данияр Ақышев Елбасыға Ұлттық банктің қазіргі қызметі, ақша-несие саясатының басты бағыттары, сондай-ақ еліміздің қаржы нарығындағы ахуал туралы баяндады.
Ұлттық банк төрағасының есебіне сәйкес, 2017 жылы инфляция деңгейі 7,1 пайызды құрап, жыл соңында алтын-валюта қорының көлемі 30,7 миллиард АҚШ долларына жеткен.
– Қаңтар айында ахуал одан да жақсара түсті. Банк резервтері тағы 3 пайызға өсіп, 31,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 58,3 миллиард АҚШ долларын құрады. 2018 жылғы қаңтарда инфляция деңгейі 0,6 пайыз болды. Бұл біздің биылға белгілеген – бестен жеті пайызға дейінгі аралықтағы жаңа өлшемімізге еніп отыр, – деді Д.Ақышев.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.