14 мау, 2018 сағат 16:15

Ақышев "7-20-25" бағдарламасы қашан іске қосылатынын айтты

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "7-20-25" жаңа тұрғын үй бағдарламасы қашан басталатынын нақтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"7-20-25" бағдарламасын мамырда қосамыз деп ешкім уәде берген жоқ. Бағдарлама осы жылдың екінші жартысында басталуы үшін мамырда барлық қажетті құжатты қабылдауға дайынбыз дедік. Оның үстіне бағдарламаны сәтті іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Қазір дәл сол өзгерістер сенаттың қарауында жатқан "валюталық реттеу туралы" заң жобасына енгізілген. Бұл түзетулерсіз бағдарламаны іске қосу қиын", — деді Ақышев сенат кулуарында. 

Ұлттық банк басшысы бағдарлама қабылданғанын, "Баспана" ипотекалық ұйымы құрылғанын атап өтті. 

"Қазір аталған ұйым әділет органдарында тіркеуден өтіп жатыр. Егер біз барлық шартты орындасақ, бағдарламаны осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап іске асыруға кірісеміз. Оның үстіне екінші деңгейлі банктермен барлық мәселені пысықтадық, қаржы секторымен өте көп кездесу өтті. Өйткені ертең азаматтар осы банктерге жүгінеді. Қазір Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер тарапынан ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз", — деп түйіндеді ол.