Белгілі ақын, журналист Талғат Ешенұлы Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ерлан Саиров фейсбуктағы жеке парақшасында хабарлады.
"Белгілі журналист, ақын, адал досымыз Талғат Ешенұлы Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне кірісті. Ұлтжанды, терең рухани қабілеті бар, азаматтардың,мына жауапты кезеңде, саяси менеджментке келіп жатқанына қуаныштымыз. Іске сəт!", деп жазды саясаттанушы.
Талғат Ешенұлы 1974 жылы 15 қазанда Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Аякөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Тарбағатай ауылындағы Октябрь орта мектебін тәмамдаған соң, 1991-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінде оқыды.
1996-1997 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінде, 1997-1998 жылдары «Жас алаш» республикалық газетінде тілші, қоғам және саясат бөлімнің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1998-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлігінде, Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2004-2005 жылдар аралығында «Жас алаш» газетінің Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі болды. 2005-2008 жылдары «Жас қазақ» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі. 2009-2010 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамында бас менеджер болып қызмет етеді.
«Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің «әдебиет», «журналистика» номинациялары бойынша (1999 жыл, 2000 жыл) жеңімпазы. Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты. ҚР Президенті стипендиясының (1999 жыл), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (2006 жыл). «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, «Абай» халықаралық медалімен марапатталған.