Акциздер құнын көтеріп, қосылған құн салығын кезең-кезеңмен төмендетуден 237 млрд теңге қосымша түсім түседі. Бұл туралы бүгін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Бұл заңды осының алдында Қаржы және бюджет комитеті талқылап, жалпы отырыстың қарауына енгізген болатын.
«Заң жобасы арқылы Салық кодексіне 234 түзету енгізіледі. Оның 27-сі салық саясатына, 207-сі салықтық және кедендік әкімшілендіруге қатысты болмақ. Заң жобасы бизнестің, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің іскерлік белсенділігін сақтауға, қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты жақсартуға, жұмыс істемейтін несиелер деңгейін төмендетуге және банктердің Қазақстан экономикасындағы үлесін арттыруға бағытталған», -дейді Қ.Бишімбаев.
Министр акциз салығын көбейту және қосылған құн салығы бойынша төменгі шекті кезең-кезеңмен төмендетуден түсетін қосымша түсімдер 237 млрд теңге көлемінде болады деп отыр.
«Республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылған 2015-2019 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор шығындары 176 705,1 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар акциздер мөлшерлемесін ұлғайтудан және қосылған құн салығының төменгі шегін кезең-кезеңмен төмендетуден 237 001,1 млрд теңге қосымша түсім түседі», - дейді Қуандық Уәлиxанұлы.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде 1 литр алкоголь өнімінің қолданыстағы акциз құны 1380 теңге болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2000 теңгеге өседі. Ал 2018 жылы 2275 теңгеге, 2019 жылы 2550 теңгеге дейін жетеді. Темекінің 1000 данасына салынатын акциз салығы 2017 жылы 5000-нан 6200 теңгеге дейін артады. Ал 2017 жылы 7500 теңгеге, 2018 жылы 8700 теңгеге дейін жетпек.
Бек ТӨЛЕУОВ