«Әрине, суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқың бірақ суытпайды.
Егер де халық өзін ұмытпаса,
Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп қазақтың ақиығы М.Мақатаев жырлағандай М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында ұзақ уақыт қызмет жасаған, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Жанғалиева өмірден озды.
Жарты ғұмырын театрға, жалпы ғұмырын өнерге арнаған талантты актиса ел жадында еңселі образдармен сақталатыны анық.
Бұл қаза қазақ өнерінің қабырғасын қайыстырып кетті. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қарашаңырақ атынан қайғыра көңіл айтамыз.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында дүйсенбі күні сағ.10.00-де өтеді.
Өмірінің соңғы сәттерінде берген сұхбатына бір сәт назар аударайық!
"Театр менің қасиетті Қағбам сияқты..."
Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Жанғалиева 70 жасқа толып отыр. Актрисамен сәті түсіп сұхбаттасқан едік...
- Өмір сахнасынан театр сахнасына қалай келдіңіз?
- Мен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының,13-ші ауыл "Айшуақта" дүниеге келіппін. Бұл атақты Т.Ахтанов, Т. Бәсеновтер туған топырақ. Мектеп бітірген әр түлек өмірден өз жолын іздейді ғой. Менде ойға баттым. Ақыры, Ақтөбедегі педагогикалық училищеге құжатымды тапсырып едім, алгебрадан төмен баға алып қалдым. Қыздар намысшыл келеді. «Шынтастың қарындасы оқудан құлапты!» деген сөзден ұялдым. Қаланы аралап, хабарландырулар арқылы іздеп жүріп, түбінде ауылға қайтпаймын деп шешім қабылдап, Мәдени-ағартушылық училищесіне түстім. Сол кездегі ойым; «Топталып тұрып хор айтқанның несі қызық?», «Дирижерге таяқ ұстаудың қажеті қанша?», «Шаң-шаң кітаптың ортасында отыратын кітапханашы болғанның несі жақсы?», «Ал, мына театральный ше?», «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасына шыққан сұлу да, сымбатты Хадиша Бөкеева апамдай болсам ба екен?»... Қойшы, сонымен актриса боламын деп бел будым...
- «Сабақты ине сәтімен» дегендей...
- Асықпа, қарағым! Мен әлі училищеде оқып жүрмін ғой. (жылы жымиып). Бір нәрсені бастасам, нәтижесіне жетпей тыныштық таппайтын адаммын. Табиғатым сондай. Оның үстіне Ы.Ноғайбаев, Р.Мұқаева, М.Байзақовалармен бірге оқыған көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың інісі, Тілепбергеннің баласы Нұраш Жиенғалиев маған дәріс берді. «Бақыт, сен міндетті түрде актриса болуың керек. Алматыға бар. Өнердің жолына түс. Уақыт оздырма!»- деп жиі айтатын. Мен негізі актриса боламын деп ойламаған адаммын.
- Бір сұхбатыңызда "Біздің ауыл құмдауыт жер. Жауын жауса әп-сәтте жерге сіңіп кетеді. Балалар жиналып құмның айналасын қазып, инеден радио жасап "Говорит Москва! Московское время семь часов утра!» - деп хабар таратқанда ізінше қайталап, жүргізушінің дауысын айнытпай келтіріп, көршілерді таң қалдырып жүретінмін!" деген екенсіз?
- Иә, менің даусым ерекше жуан еді. Өз басым нәзік, пәк сезімді дауыстарға қатты қызығатынмын. Актриса үшін дауыс өте маңызды. Сонымен бірге ақыл, білім де керек. Көрерменге ойыңды жеткізу – өте табанды еңбекті қажет етеді. Әдетте дауыс арқылы кейіпкеріңнің сезімін, ойын, мінезін көрсете аласың. Сонымен қатар, оқиғаның өрбуіне әріптесіңнің сөзіне қабысу үшін күш салып еңбектену оңай шаруа емес. Актрисаның өте қажетті қаруы - үн беру десек қателеспейтін шығармыз.
- Театр институтының актерлік бөлімін аяқтадыңыз ғой?
- Мен Рабиға апайдың шеберлік сыныбына түстім. Әнуар, Нұрқанат, Ғазиза, Ұлжан бесеуіміз апайдың алғашқы курсымыз. Екінші курстан бастап театрда қойылып жатқан спектакльдердің көпшілік сахнасына шығып жүрдік. 1969 жылы Әнуар екеуміз театрға жұмысқа кірдік. Менің алғашқы рөлім – Баян еді...
- Әзербайжан Мәдиұлы Мәмбетов: «Мен ұлы драматург Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян Сұлуын» жаңаша сахналағым келді. Қозы мен Баянның сүйіспеншілігіне қатысты көп деректер күнделікті тұрмыстағы күйіп-жану емес, "махаббатқа құрылған тұзақ" деп ұғатынмын. Кезінде Ыдырыс Ноғайбаев ойнаған Қарабай, Әнуар Молдабеков орындаған Жантық, Асанәлі Әшімов сомдаған Қодар зұлымдықтың басты кейіпкерлері емес пе?! Мен жастарды осындай қатыгездіктен сақтандырғым келді. Қанды жорықтарда сүйген жарына сүйеу болғандар баршылық! Маған батыр Баян керек болды. Бақыт Жанғалиева мен Тілектес Мейрамов бәйгеге қосылған қос жүйріктей тізгін берместен, көрермен қошеметіне бөленді!», - деп пікірін білдіріпті.
- Әзербайжан ағамыз бізге «Сто лет думай!» дейтін. Осы сөзбен қаншама тер төктік... Үздіксіз жұмыс жасадық. Еңбегіміз жанды. Театр жыл сайын Мәскеуге есеп беріп тұратын. Біз талғамы биік көрермендер мен кеудесін соққан мүйізі қарағайдай сыншылардың алдында өнер көрсететінбіз. Сол кезде театр сыншылары мен жайлы «Советская Культура» газетінде «Таудан тасқа секірген, еліктің лағындай!», ал, «Огонек» журналында «Қазақ актрисалары мықты, оған дәлел Бақыт Жанғалиеваның – Бәтимасы!» - деп қалам тербеген. Соның бәрін айта беріп, мақтанғаныма жол болсын! (Күліп алды).
- Театрдың өміріңізде алатын орны қандай?
- Театрға келіп қалыптастым, арманыма қол создым! Театр маған өмір сахнасында да талай таусылмас қазына сыйлады. Төрткүл дүниенің қыр-сырын ұқтырды. Әуезов театры – менің киелі де қасиетті Қағбам сияқты. Солай ұқ, қызым! Өмірге бір келер ұлылармен Кеңес Одағы кезінде Бүкіл Одақтық Республикаларды аралап шықтық. Серке, Сәбира, Хадиша, Фарида, Бикендей тұлғаларды айтпағанда, бүгінде есімдері сирек аталып жүрген Атайбек Жолымбеков, Рахметолла Сәлменов, Сейфолла Телғараев, Күләш Сексенбаева, Жамал Жалмұхамбетовалармен сахнаға бірге шыққанымның өзі үлкен бақыт емес пе?! «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» кейін «Қан мен тер», «Ақан сері-Ақтоқты», «Фархад пен Шырын», «Ақбілек» сияқты алпыстан аса қойылымда басты рөлді ойнадым.
- Киноға да түстіңіз,иә?
- Актер киноны таңдамайды, кино актерді өзі іздейді екен. Ара-тұра шақыртулар болып тұрады. «Қорғансыздың күні» шығармасының желісі бойынша түсірілген «Час волка» және "Кек"фильмдеріне түстім.
- Өмірдегі және сахнадағы Бақыт Жанғалиқызының қандай айырмашылықтары бар?
- Қанша артист болсам да өмірде мағынасыз рөлге кіруге тырыспаймын. Шынайылықты жақсы көремін.
- Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ержан Тоқтар, Мұқаш Мейірім
Мұхтар Әуезов театрының баспасөз қызметі