29 мам, 2018 сағат 17:17

Ақтөбеге Димаш Құдайбергеннің бір топ фанаты келеді

Әнші Димаш Құдайбергенді көруге, оның мектебі, музыкалық колледжі және отбасымен танысуға бірнеше фанклуб жетекшісі келеді. Туристерді күтіп алу, орналастыруға Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы қаржы бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде әлемнің 100-ден астам мемлекетінде Димаштың фанклубы бар. Фантоптардың жетекшілері Ақтөбеге келуге ұсыныс айтты. Фанаттардың келуін, жол шығындарын Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы мен Ақтөбе әкімдігі өз міндетіне алды», - деді Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева.

Айтап айтқанда, Ақтөбеге АҚШ, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Индонезия, Украина, Қытай мен Қазақстандағы фан топ жетекшілері келеді. Сонымен қатар, Жаңа Зеллания, Финляндиядағы фанаттар өз еркімен, өз шығындарын өтеп келуге әзірленіп, жолға шықты.

«Келушілер тек Димашты емес, «Бақытты бала» жобасы аясында ән шырқайтын өнерпаздарды тыңдауға, өзге де талантты балалармен танысуға ниетті. Қазақтың ұлттық болмысын, мәдениеті мен табиғатын көруге құштар жандар өз ұсынысын бергенде қонақжайлылығымызды танытуға күш саламыз. Барлығын құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Оларға арнайы бағдарлама жасалды. Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларын аралайды. Үш қаланың әкімдігі мен «Қазақ туризм» компаниясы бірігіп, арнайы маршрут әзірледі. Ақтөбеде қаланың көрікті жерлерін көреді. Сонымен қатар, Димаш оқыған №32 мектеп-гимназияға, музыкалық колледжге барып, ұстазы Марат Әйтімовтың шеберлік сабағына қатысады. Бәрі біледі, дайындық жүріп жатыр», - деді Света Айтбаева.