Ақтөбе облысында автобуста 52 адамның өртеніп кетуіне кінәлі тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шымкенттегі "Азия транзит" ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрлыбек Телікбаев 3 жыл 6 айға, автопарк механигі Бахадүр Пердебаев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.
Өртенген автобусты жүргізген Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовтарды 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шықты. Жүргізушілер 7 жыл бойы көлік жүргізе алмайды.
Сонымен қатар сотталушыларға жәбірленушілердің әрқайсысының отбасына 2 миллион теңгеден моральдық шығын өтеу міндеттелді.
Естеріңізге салайық, 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды, барлығы Өзбекстан азаматы.
Жүргізушілер Барат Таңатаров, Нұржан Қырғызбаев және Мақсат Пернебеков өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, көлік құралдарын пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы бойынша айыпталды.
Қылмыстық іс 52 томнан тұрады, 100-ден астам адам жәбірленуші ретінде тіркелді.