Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен адам өлтіру фактісі бойынша сотталушы «К»-ға қатысты іс қаралды. Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9) тармағы — бұзақылық ниетпен адам өлтіру бойынша айыпталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға қалай болған?
Сот дерегінше, жәбірленуші «М» саябақта жүрген кезде жолда кетіп бара жатқан сотталушы «К»-дан темекі сұраған. Айыпталушы оған дөрекі жауап беріп, тараптар арасында жанжал туындаған.
Қақтығыс кезінде «К» қалтасынан пышақ шығарып, жәбірленушіге алты рет соққы жасаған. Ауыр жарақат алған азамат ауруханада көз жұмды.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін ішінара мойындауы, жәбірленуші өкілінің және куәлардың жауаптары, сараптама қорытындылары, бейнебақылау жазбалары мен өзге де дәлелдер арқылы толық дәлелденді.
Сот шешімі
Жаза тағайындау кезінде сот:
– оның жас балаларының бар екенін — жеңілдететін мән-жай,
– қылмыстың қауіпті қайталануын — ауырлататын мән-жай ретінде қарастырды.
Алқабилердің үкімімен сотталушы «К» 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
