09 қар, 2021 сағат 10:45

Ақтөбеде танысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды


Ақтөбеде ішімдік ішкен екі адам төбелесіп, бірі екіншісіне пышақ сұғып алған. Жәбірленуші көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 3 қараша күні Кеңқияқ ауылында болған. Ауылдық аурухананың қабылдау бөліміне 41 жастағы тұрғынның мәйіті жеткізілген соң дереу полицияға хабар беріп, медициналық мекемеге жедел тергеу тобы жіберілді. Олар 33 жастағы күдіктіні анықтап, «ізін суытпай» ұстады. 

«Тергеу барысында қайғылы оқиға жәбірленушінің үйінің ауласында болғаны анықталды. Ішімдік ішкен таныстардың арасында жанжал туындап, соңында күдікті жәбірленушіге пышақ сұғып алған. Қылмыс орнынан ас үй пышағы тәркіленді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметініе жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

ҚР ҚК-нің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.