Ақтөбеде заңсыз ойын бизнесімен айналысып, 5 айда 171 миллион теңгеден астам кіріс түсірген қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
№2 Ақтөбе қалалық сотында А.Әбубәкіров, З.Әміржанов, А.Дүймұханова, А.Бекназаров, Т.Ізбағанбетов, Ж. Еспамбетов, А.Матаюпов, К.Сағынтаев, А.Таржанов, Р.Шағыровқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру» және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, сотталушылар Ақтөбе қаласында ойын бизнесімен заңсыз айналысқан. Электронды казино «Stavkabet.kz» ЖШС-нің букмекерлік кеңсесі арқылы жүргізілген. Кассалық кітапшадан 2018 жылдың маусымы мен 2018 жылдың қараша айлары аралығында 171 734 447 теңге кіріс кіргені анықталды.
«Сот үкімімен А.Бекназаров, Т.Ізбағанбетов, Ж. Еспамбетов, А.Таржанов, Р.Шағыров 6 жылға бас бостандығынан айырылды. А.Дүймұханованың кәмелет жасқа толмаған үш баласы бар. А.Әбубәкіров, З.Әміржанов, А.Матаюпов, К.Сағынтаев тергеу кезінде қылмыстық істің ашылуына үлес қосып, кінәларын мойындады. Олардың да кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Сот барлығын ескеріп, сотталушыларды 2 жылға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.