16 там, 2021 сағат 22:07

Ақтөбеде мешіттің сейфінен садақадан жиналған ақша ұрланды


Ақтөбеде белгісіз біреу мешіттегі сейфке ұрлыққа түсіп, садақадан жиналған ақшаны алып кеткен. Полиция күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полицияға Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылының мешітіндегі сейфтің құлпы бұзылып, садақадан жиналған ақшаның ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру өткізіп, көрші ауылдың 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. 

«Аталған дерек негізінде Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.