Ақтөбе қаласындағы инфекциялық ауруханада бір науқас көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жергілікті арнадағы тікелей эфир кезінде коронавирус жұқтырған әйелдің жағдайы күрт нашарлап, реанимациялық құтқару шарасына қарамастан жүрегі тоқта ғанын хабарлады.
«Ол бар болғаны бір тәулік инфекциялық ауруханада ем қабылдады. Зертханалық тексеру кезінде сынамадан вирус анықталғаны рас. Бірақ ол бұған дейін де жүрек-қан тамырлары ауруымен есепте тұрған. Палатада жүрегі тоқтап қалды. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлер өмірін сақтап қалуға күш салды. Өкінішке қарай ес жимай кетті. Ол коронавирус инфекциясынан көз жұмған жоқ. Дегенмен вирус оның өліміне әсер етті ме деген сұрақтың жауабын комиссия шешімінен соң айта аламыз. Комиссия құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бар», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 252 адамға вирус жұққан. Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 63 науқас стационарда жатыр. Екеуі - реанимация бөлімінде. Біреуінің жағдайы - өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Екінші науқастың жағдайы - ауыр. Науқастар арасында 17 бала бар, 10-ы жазылып шыққан.