Ақтөбенің Әйтеке би ауданындағы дала өртін сөндіру екі күнге жалғасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қайрақты ауылдық округінде далалық жерде өрт шыққаны туралы хабарлама 7 тамыз күні түсті. Оқиға орнына аудандық өрт сөндіру қызметінен 3 адам жіберілді. Сонымен бірге ерікті түрде 7 адам барды. Қарабұтақ орман шаруашылығынан да қызметкерлер көмектесті.
«Өрт 8 тамыз күні сөндірілді. Ауданы 49 гектарды құрады. Алайда 8 тамыз күні сағат 11:38-де мониторинг жүргізіліп, оттың қайта тұтанғаны байқалды. Өрт сөндіруге Т.Жүргенов ауылынан 5, Қарабұтақ ауылынан 6, Қайрақты ауылынан 34 техника мен 72 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіру жұмысы екі күнге созылды. Бүгін таңғы сағат 3:00-де толық сөндірілді. Дала өртінің ауданы 15 мың гектарды құрап отыр», - деді облыстық ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Адами фактор болуы мүмкін. Сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметі найзағайдан от тұтануы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығармады.