30 қыр, 2021 сағат 21:10

Ақтөбеде бір ай бұрын із-түзсіз кеткен әйелді өлтірген күдікті ұсталды


Ақтөбеде Қарғалы ауылының тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қалалық полиция бөліміне қала тұрғыны хабарласып, тамыз айында енесінің үйден шығып, бір айдан бері қайта оралмағаны туралы арыз жазды. 

Қыркүйекте полициядан көмек сұраған туған-туыстары оның бұған дейін де ішімдік ішіп, үйіне оралмайтынын айтқан. 

Полиция адам жоғалған соң істі тіркеп, іздестіруді бастады.

Жедел уәкіл жоғалған әйелдің баратын жерлерін қарап шықты. Сол кезде зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің денесін тапты. 

«Полиция қызметкерлері пәтерді тексеру кезінде күдіктінің жалғыз тұратынын және көршілерімен араласпайтынын анықтады. Көршілері күдіктіні жіті танымайды. Кейін тергеу кезінде күдіктінің бір ай бойы жұмысқа бармағаны да белгілі болды. Ол қылмыс жасаған соң үйіне оралмай, далада жүрген», - деді Ақтөбе облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов. 

Ұсталған күдікті бар кінәсін мойындады. Ол мас күйінде әйелді ұрып-соғып, өлтіргенін, кейін үйінен кетіп қалып, қайта оралмай, далада ішімдік ішіп жүргенін айтқан. 

Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» дерегі бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. Өзге мәліметтер тергеуге байланысты құпия сақталады.