Ақтөбеде көпқабатты үйдің подьезіне әйелмен ілесе кіріп, оны ұрған күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе полициясы әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен видеодағы күдіктіні тапты. Бейнематериалдан көпқабатты үйдің подъезіне әйелмен бірге ере кірген ер адам бірден оның мойынына жармасып, жұдырығымен ұрғанын көруге болады.
«Полиция қызметкерлері подъезде әйелді ұрып-соққан күдіктіні ұстады. Оқиғаның мән жайын былай болды: 26 сәуір күні сағат 16:30-да белгісіз ер адам Ақтөбе қаласының 12 шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің кіреберісінде әйелдің артынан жүгіріп кіріп, жерге құлатып, бір рет ұрып, қашып кеткен. №2 Ақтөбе қалалық полиция басқармасының полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар кешенін өткізді. Осы ауданда орналасқан бейнебақылау камераларын қарады. Нәтижесінде күдікті адам анықталып, ұсталды. Ол 33 жастағы Хромтау ауданының тұрғыны болып шықты», - деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Талғат Берденов. Қазір осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері күдіктімен сөйлесуге мүмкіндік жасады.
«Ақтөбе қаласында ініммен бірге пәтер жалдап тұрдым. Жүк тасушы болып жұмыс та істедім. Ал дәл қазір жұмыссызбын. Мен сол күні ішімдікті көп ішіп, есімді білмегенмін. Бірақ кінәмды мойындаймын. Апайды танымаймын. Өз үйімнің подъезіне кірдім деп есептедім», - деді күдікті.
Айта кетейік, күдікті бұған дейін де көшеде ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Полиция департаментінің хабарлауынша, зардап шеккен әйел дәрігерге қаралып, үйіне жіберілген.