Ақтөбеде 30 жастағы жас ананың өлімінен соң перинаталдық орталықтың бас дәрігері қызметінен кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
30 жастағы Аймира Атшыбаеваның өлімінен соң Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Асхат Балықов өз еркімен қызметінен кетті. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров растады.
Ақтөбе облысы бойынша биыл 7 ана өлімі тіркелді. Оның екеуі облыстық перинаталдық орталықта көз жұмған.
Еске салсақ, 17 мамыр күні Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықта жас ана көз жұмды. Марқұмның туған-туыстары, бауырлары кеше дәрігерлердің алдына барып, мән-жайды түсіндіруді талап етті. Белгілі болғаны – келіншек өзі босанған. Кейін бірден жансақтау бөліміне түсті. Ал шақалақ дін аман. Ол әкесінің жанында.
