Түркістан облысының полицейлері үш облыстың аумағында қымбат шетелдік көліктерді ұрлаумен айналысқан аймақаралық қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте полиция ұрланған «Toyota Camry 55» автокөлігін тәркіледі, оны күдіктілер төрт миллион теңгеге сатып үлгерген және ұрланған автокөліктің есігін ашқан электронды сканер аппараты да айғақты зат ретінде алынды. Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын «Toyota Camry 55» маркалы автокөлігі ұрланғаны туралы арызданған.
Бұл іс Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі (аса ірі көлемдегі ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмысты ашу үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
Тергеу барысы мен ұрыларды ұстау туралы оқиғаның басы-қасында жүрген облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов толығырақ айтып берді.
«Арнайы жүргізілген операция нәтижесінде біздің жедел уәкілдер төрт күдіктіні ұстады. Олардың төртеуі Ақтөбе облысының тұрғыны, оның ішінде екеуі декструктивті діни ағымның мүшеі болып шықты. Ұсталғандардың үшеуі бұрын қарақшылық және қару сақтағаны үшін сотталған. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің алдын-ала жоспар бойынша, әрқайсысы өз рөлін сомдау арқылы әрекет еткені анықталды. Күдіктілер құны 10 миллион теңгеден асатын автокөлікті арнайы сканерлеу құрылғысының көмегімен ашқан. Олар көлік иелерін бақылап, есіктерін ашқан кезде электронды құлыптарды сканерлеген. Сезіктілер қымбат көлікке қол жеткізгеннен кейін, оларды тұрақтан немесе көшелерден ұрлап, айдап әкеткен. Тергеу бүгінгі күні күдіктілердің бес көлік ұрлығына қатысты екенін анықтады. Олар бес қылмыстың екеуін Ақтөбе қаласында, екеуін Түркістан облысында және біреуін Қызылорда облысында жасаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда», - деді Сахов.