29 қар, 2021 сағат 12:08

Ақтөбе облысында қаржы пирамидасы белгілері бар компания анықталды


Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті қаржы пирамидасының белгілері бар "Crowd 1" компаниясын анықтады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар өздерін "Crowd 1" халықаралық желілік ұйым ретінде таныстырып, халыққа виртуалды жер учаскелерін сатып алу үшін "пакеттерге" ақша инвестициялауды ұсынғаны анықталды.

"Пакеттер" ақ, қара, алтын және титан деп бірнеше түрге бөлінген. Құны 99 еуродан басталып, 2 499 еуроға дейін жеткен.

"Осылайша, ұйымдастырушылар компанияға активтерді тартып, адамдарды тәп-тәуір пайда табуға болатынына сендірген", - деп хабарлайды қаржы мониторингі агенттігі.


Қазір бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 217-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Агенттік "Crowd 1" қаржы пирамидасының құрбаны болған азаматтардан Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне Ақтөбе қаласы, 8 наурыз 3А көшесі мекенжайы бойынша немесе 8 (7132) 97-51-51 сенім телефоны арқылы хабарласуды сұрады.

Бұған дейін Ақмола облысында қаржы пирамидасының белгілері бар River Coins Limited компаниясы анықталғаны хабарланған еді.