28 мамыр күні Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы жұмыс барысында төрт жұмысшы қаза тауып, екеуі ауруханаға түсті. Ауруханада жатқан екі жұмысшының жағдайы өте ауыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен еңбек инспекциясы хабарлады.
Оқыс оқиға түс ауа хром қосындылары зауытының №4 цехында болған.
Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаевтың Азаттыққа айтуынша, өндірісте қолданылатын бактың ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқанда бір жұмысшы күйіп қалған. Оны құтқармақ болып, бес жұмысшы бакқа түскен. Барлығы термиялық күйік алған. Төртеу қаза болып, екеуі ауруханаға жатқызылды.
Ауруханада жатқан екі жұмысшының да беті, мойны мен қол-аяғы күйген. Тыныс алу жолдары бүлініп, күйіктен шок алған. Ауруханаға өте ауыр халде жатқан жұмысшылардың бірі – 32 жаста, енді бірі – 36 жаста.
Ақтөбе облыстық полиция департаментіне хабар жергілікті уақытпен сағат 13:20-да түскен.
«Жұмысшылар таңертең 50 текше метр болатын бакті тазартқан. Кейін біреуі ақауды көріп, ішіне кіреді. Шықпаған соң тағы үшеуі түскен. Төртеуі оқиға орнында көз жұмды. Екі адам жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Аталған факті бойынша облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік техникасын бұзу» бабы бойынша тергеу басталды. Істің мән-жайы анықталуда», - деді облыстық Полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.
Хром қосындыларын – натрий монохроматы, натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий – өндіретін зауыт Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Ол - өнімі әлемнің отыздан астам еліне шығарылатын үлкен кәсіпорын.