Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 22, 23 қазан күндеріне тұсаукесері жоспарланып отырған 91-маусымның алғашқы премьерасы "Ақтастағы Ахико" драмасына арналған пресс конференция өтті. Бұл туралы М.Әуезов театрының Баспасөз қызметі бөлімі хабарлады.
Пресс конференцияға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, қойылым режиссері, "Қазақ әуендері" АҚ Президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, пьеса авторы, театр драматургі Мадина Омарова, спектакльде басты Ахико ролін орындаушы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда, Ана ролін орындаушы актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова қатысты.
Театр директоры Ерлан Біләл: "Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына театр әлемінің де қосар үлесі бар. Олай дейтініміз, осынау атаулы күнге арналып, Кеңес одағы Карлаг лагерінің тұтқыны Ахиконың өмірі мен бастан кешкен оқиғалары туралы "Ақтастағы Ахико" драмасының премьерасына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл спектакльдің идеясы бұдан бір-екі жыл бұрын гастрольдік сапарда жүрген кезімде пайда болды. Сонда Карлаг туралы он сегізге жуық кітап жазған қазіргі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековпен жолым түйісіп, әңгіме үстінде менің Карлагқа барып қайтуымды өтінген болатын. Мен келе салысымен, аталған лагерь туралы бір пьесаның дүниеге келуіне себепкер болсақ деген ойын айтты. Міне, сол идеяның нәтижесінде бүгінде қалың көрерменге "Ақтастағы Ахико" драмасын ұсынбақшымыз", - деді.
Спектакль режиссері Асхат Маемиров өз кезегінде: "Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын тыйым салынған ұлтымыздың ақтаңдақ тұстарындағы қасіретті әріптермен жазылған жағдайлар туралы тақырыптар өнер салаларының әрқайсысында бас көтере бастады. Осы қасіреттің бірі - 30 жылдардағы ұлт зиялыларының, сонымен қатар поляк, орыс, неміс, еврей сынды өзге ұлт өкілдерінің қуғын-сүргін көріп, жаппай лагерлерде небір азапты кезеңді бастан кешкендігі. Бүгінде сол зұлмат заманның көрінісі ретінде театр сахнасында "Ақтастағы Ахико" спектаклі қойылмақшы. Бұл спектакльдің көрермендерге, әсіресе жастарға тәрбиелік мәні зор болады деп ойлаймын", - деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым - театр ұжымының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған үлкен жобасы.
Ұлт порталы