25 нау, 2022 сағат 13:06

Ақшолақов Қашаған кенішінде мұнай өндірісі тоқтап қалғанын теріске шығарды


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қашаған кенішінде мұнай өндірісі тоқтап қалғанын теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иә, кеше интернетте сондай сілтеме тарады. Қашаған ешқандай екі айлық жөндеу жұмыстарына тоқтамайды. Ондағы жоспарлы жөндеу жазға көзделген. Яғни, ол қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Айтқанымдай, №1 жылжымалы айлақ қондырғысы жұмыс істеп кетсе, соншалық қатер төнбейді. Айтарлықтай көлем жоғалтпаймыз. Ол үшін кеніштің жұмысын тоқтатудың қажеті жоқ. Сондықтан, қалыпты штаттық жұмыс жүріп жатыр. Проблеманы шешу керек екені түсінікті. Бәрімен жедел кеңесіп, түрлі балама маршруттарды пысықтап жатырмыз. Мұның бәрі - жұмыс сәтіндегі жағдайлар. Қашаған тоқтап қалды деп айтуға келмейді. Мұны растамаймыз», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, Каспий құбыр консорциумы өзінің қуаты негізінде екі жылжымалы айлақ қондырғысымен жұмысын жалғастыра береді.

«Каспий құбыр консорциумы жалпы екі жылжымалы айлақ қондырғысымен-ақ жұмыс істеп тұрған. Біреуі әрдайым қазіргі сияқты апат жағдайына деп резервте тұратын. Егер 3 апта ішінде №2 немесе №3 айлақты қатарға қоса алсақ, Капсий құбыр консорциумы қалыпты жағдайдағыдай жұмысын жандандырады деген сөз. №1 жылжымалы айлақпен, яғни бір ғана айлақпен мұнайдың бір бөлігін балама маршшруттарға бағыттап жұмыс істей аламыз. Дәл қазір жоғалтатын көлем көріп тұрған жоқпын. Қазір санап, есептеп жатырмыз. Бір ғана айлақпен жұмыс істегеннің өзінде биылға бекіткен жоспарды кейін қуып жетуге болады», - деді Болат Ақшолақов.