21 ақп, 2023 сағат 09:49

АҚШ Украинаға 460 миллион долларға тең кезекті әскери жәрдемін ұсынды

Фото: Reuters

АҚШ Украинаға 460 миллион долларға тең кезекті әскери көмегін бөлді. Бұл хабарды АҚШ қорғаныс министрлігі таратты, деп хабарлайды Азаттық.

Жаңа көмекке мыналар кіреді:

- жаяу әскерге арналған беренді төрт Bradley;

- екі тактикалық мәшине;

- төрт радиолокация жүйесі;

- танкіге қарсы Javelin зымыран кешені мен оқ-дәрісі;

- дүркіндетіп ататын реактив HIMARS жүйесінің оқ-дәрісі;

- 155 мм калибрлі артиллерия снарядтары;

- 120 мм калибрлі миномет снаряды;

- танкіге қарсы 2000-ға жуық зымыран;

- жаяу әскерге қолданылатын Claymore минасы.

Сонымен бірге АҚШ түнде көретін жабдықтар, байланыс және медицина құралдарын, техника бөлшектерін береді.

Ресей басып кіргелі АҚШ-тың Украина қарулы күштеріне берген қару-жарағының жалпы сомасы 29, 8 млрд долларға жеткен.

20 ақпанда Киевке барған Президент Джо Байден Украинаға қажет қару-жарақ беріле беретінін және Ресейдің қорғаныс өнеркәсібін қолдайтын жеке тұлғалар мен компанияларға санкция салынатынатын мәлімдеген.