24 мау, 2022 сағат 13:40

АҚШ-тың үздік жүзушісі әлем чемпионаты кезінде суға батып кете жаздады


Будапештте өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионаты кезінде АҚШ құрамасының көркем жүзушісі бассейнде есінен танып қалды. Оны жаттықтырушысы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі NBC News басылымына сілтеме жасап.

Екі дүркін Олимпиада чемпионы, 25 жастағы Анита Альварес еркін бағдарламасын аяқтағаннан кейін кенеттен есінен танып, бассейннің түбіне кетті. Бұған дейін Испания командасының құрамында синхронды жүзуден Олимпиадада төрт рет жүлде алған АҚШ құрамасының жаттықтырушысы Андреа Фуэнтес спортшыны құтқару үшін суға секірді. Ол Альваресті бассейннен алып шықты. 

Анитаға дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Фуэнтестің айтуынша, Альварестің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер оның жүрек соғу жиілігін, оттегі мен қант деңгейін, қан қысымын және басқа да маңызды көрсеткіштерін тексерген. 

Фуэнтес Испанияның «Marca» газетіне берген сұхбатында спорттық шара құтқарушыларының ешқайсысы әрекет етпегендіктен, суға секіргенін айтады. 

Анита Альварес алты күн ішінде төрт алдын ала және үш финалдық байқауда тамаша өнер көрсетті. Ол жеке финалды жетінші болып аяқтады.