24-25 қазан аралығында АҚШ-тың Сауда министрі Уилбер Росс Қазақстанда болып, Мемлекет басшысы және Үкімет мүшелерімен кездеседі. Бұл туралы ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа ресми сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес үстіміздегі жылдың 24-25 қазан аралығында АҚШ-тың Сауда министрі Уилбер Росстың Қазақстанға сапары болады. Сапар шеңберінде Қазақстан-АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқылау жоспарлануда. Сапар барысында Уилбер Росстың Мемлекет басшысы және Үкімет мүшелерімен кездесуі, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен қазақстандық-америкалық бизнес-форумдар ұйымдастырылады», - дейді Айбек Смадияров.
ҚР СІМ ресми өкілінің айтуынша, АҚШ-тың Сауда министрінің Қазақстанға сапары екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы сапар болып отыр. Бұл сапар екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестікті, соның ішінде сауда және экономика, инвестиция салаларын одан ары дамытуға ықпал етеді.
«Айта кететін жайт, статистикаға сәйкес, 2017 жылы Қазақстанның АҚШ-пен сауда көлемі 1 млрд 518 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Қазақстанның АҚШ-қа экспорт көлемі 354,6 млн АҚШ долларын құраса, АҚШ-тың Қазақстанға импорт көлемі 1 млрд 164 млн АҚШ долларын құрады. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында екі елдің арасындағы сауданың көлемі 1 млрд 462 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға жоғары», - дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті осы жылдың 16-18 қаңтарында Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барған болатын. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескен еді. Сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізді. Нәтижесінде құны 7 миллиард теңгені құрайтын 20-дан астам келісімге қол қойылды.