АҚШ Таяу Шығысқа шамамен 3 мың сарбаз жіберді. Пентагонға сілтеме жасаған Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-қа қоқан-лоқы көбейген шақта сақтық шарасы ретінде осындай шешім қабылданған. 82-ші әуе десанттық дивизияның үш мыңға тарта сарбазы Кувейтте шоғырланбақ, бұл жаққа осы аптада 750 америкалық сарбаз жеткізілген еді.
Иран генерал Касем Сулейманиді өлтіргені үшін АҚШ-тан "кек алатынын" мәлімдеді. Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының элиталық жасағын басқарған ирандық генерал 3 қаңтарда Бағдат әуежайында дронмен жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан.
Пентагон бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен жасалған әскери операция екенін айтты. Reuters агенттігі Таяу Шығыста жағдай бірден ушыға бастағанын хабарлады.
2019 жылдың мамыр айынан қазірге дейін АҚШ Таяу Шығысқа шамамен 14 мың әскерін орналастырған.